
TAS Finance Group командасы CS2 дисциплинасы бойынша өткен Qazaqstan Esports Business League Season 6 турнирінде сенімді ойын көрсетіп, жарысты жоғары нәтижемен бастады.
Топтық кезең қорытындысы бойынша команда 5 ойынның 4-інде жеңіске жетті. Жалғыз жеңіліс қосымша раундтарда «Bereke Bank» командасына қарсы болып, есеп 22:19 нәтижесімен аяқталды. Осы көрсеткіштің арқасында TAS Finance Group плей-офф кезеңіне екінші орынмен жолдама алды.
Плей-оффта команда жарысты жалғастырып, жартылай финалға дейін жетті. Бұл кезеңде олар өткен маусымның чемпионы — Kaspi Team командасымен кездесті. Дебюттік маусымына қарамастан, TAS Finance Group турнирдің фавориттерінің біріне қарсы лайықты қарсылық көрсетті.
Маусым финалы ерекше тартысты өтті. Шешуші кезеңде бизнес-лиганың екі дебютанты кездесіп, турнир бойындағы көрсеткіштері мен нәтижелері өте ұқсас деңгейде болды.
Қорытынды бойынша TAS Finance Group командасы QEBL Season 6 турнирінің күміс жүлдегері атанды.
Командаға 200 000 теңге көлеміндегі жүлде қоры табысталды.
TAS Finance Group-тың бұл нәтижесі корпоративтік киберспорттағы мықты дебют ретінде бағаланып, келесі маусымдарға үлкен үміт арттырады.








TAS GROUP компаниялар тобы жыл сайынғы дәстүрлі Құрылтайын өткізді. Биылғы жиын ерекше форматта ұйымдастырылып, мейрамхана алаңында өтті. Ұжым мүшелері бір кешке бас қосып, компанияның өткен жылдағы нәтижелерін бірге қорытындылады.
Шараның алғашқы бөлігінде ресми формат сақталып, компания басшылығы ұжымды құттықтап, атқарылған жұмыстарға тоқталды. Сонымен қатар бір жыл ішінде үздік нәтиже көрсеткен қызметкерлер марапатталып, оларға құнды сыйлықтар табысталды.
Ресми бөлім шамамен 30 минутқа созылды. Одан кейін іс-шараның бейресми бөлігі басталып, қатысушыларға еркін форматта уақыт өткізуге мүмкіндік берілді.
Кеш барысында ұжым мүшелері бір-бірімен еркін араласып, музыкалық бағдарлама мен би кешіне қатысты. Ашық форматтағы атмосфера қызметкерлер арасындағы байланысты нығайтып, корпоративтік рухты арттыруға ықпал етті.
Қатысушылар мұндай форматтағы Құрылтай ұжым ішіндегі қарым-қатынасты жақсартып, жұмыс процесінен тыс ортада да бір-бірін жақынырақ тануға мүмкіндік беретінін атап өтті.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, дәстүрлі Құрылтайдың еркін форматқа ауысуы компания мәдениетінің дамуына және ұжымдық бірліктің күшеюіне бағытталған маңызды қадамдардың бірі болды.
TAS GROUP компаниясы корпоративтік басқаруда жаңа мотивациялық жүйені іске қосты. Енді топ-менеджмент құрамындағы бірқатар қызметкерлер компанияның таза пайдасынан жыл сайын дивиденд алу құқығына ие болады.
Бұл шешім қызметкерлерді тек орындаушы емес, компанияның стратегиялық серіктесі ретінде қарастыруға бағытталған. Бағдарлама аясында табысты басқару нәтижелері тікелей команда мүшелерінің үлесімен байланыстырылып отыр.
Компанияның мәліметінше, бұл модель бір күнде қабылданған жоқ. Жоба 2021 жылдан бастап кезең-кезеңімен әзірленіп, ұйымның ұзақмерзімді даму стратегиясымен бірге жүзеге асырылды.
TAS GROUP өкілдері мұндай тәсілдің басты мақсаты – қызметкерлердің жауапкершілігін арттыру және компания ішіндегі серіктестік мәдениетті күшейту екенін атап өтті.
«Еңбектің құны тек жалақымен емес, ортақ нәтижеге қатысу арқылы да өлшенуі тиіс» деген қағида жаңа жүйенің негізіне айналды.
Алдағы уақытта компания қызметкерлер үшін акционер болуға мүмкіндік беретін қосымша корпоративтік тетіктерді енгізуді жоспарлап отыр.
TAS GROUP: 16 жылда қалыптасқан қаржылық институт
23 ақпанда TAS GROUP өз тарихындағы маңызды кезеңді, яғни 16 жылдығын атап өтті. Осы уақыт ішінде компания жүздеген миллиард теңгені экономикаға бағыттап, мыңдаған кәсіпкердің ісін жүргізуге нақты қолдау көрсетті. Бүгінде ол — Қазақстандағы қаржы нарығында орны бар, салмақты ойыншылардың бірі.
Қазақстанның қаржы секторы соңғы жылдары түбегейлі өзгерді: талап күшейді, бәсеке артты. Мұндай ортада тұрақты өсіп, көшбасшылықты сақтау кез келген компанияның қолынан келе бермейді.
TAS GROUP осы сынақтардан өтіп, шағын бағыттағы жобадан толыққанды қаржы институтына айналды. Әсіресе автокөлік кепілдігімен несиелеу сегментінде өз позициясын нығайтты. Компания кәсіпкерлерге қаржы тапшылығын жылдам шешуге мүмкіндік беретін құрал ұсынды.
16 жыл ішінде экономикаға салынған қаржы көлемі 600 млрд теңгеден асты. Осы аралықта жүздеген мың қазақстандық компания қызметін пайдаланды. Бұл — тек ауқым емес, нарықтағы сенімнің нақты көрсеткіші.
Компанияның негізін қалаушы Дулат Тастекей бизнестегі басты қағида ретінде жылдам өсімді емес, тұрақтылықты алға қояды.
Оның айтуынша, компания үшін ең маңыздысы — клиент сенімі мен сапалы қаржы портфелі. Сондықтан TAS GROUP қысқа мерзімді пайдаға емес, ұзақ мерзімді жүйелі дамуға басымдық берген.
Компания түрлі кезеңдерді бастан өткерді: экономикалық өсім де болды, дағдарыс та кездесті. Соған қарамастан, негізгі ұстаным өзгермеді — жауапкершілік пен тұрақтылық.
Бүгінде TAS GROUP — жай ғана қаржы компаниясы емес, бірнеше бағытты біріктірген қызметтер экожүйесі. Ел ішінде және ТМД аумағында 50 филиалы бар. Бұл клиенттерге кең ауқымда қызмет көрсетуге мүмкіндік береді.
Қазіргі таңда 30 мыңнан адам компания өнімдерін тұрақты пайдаланады. Бұл TAS GROUP-тың стартап деңгейінен әлдеқашан асып, нақты жұмыс істейтін қаржы инфрақұрылымына айналғанын көрсетеді.
Алғашында жедел қаржыландыруға бағытталған шағын бастама болған TAS GROUP уақыт өте технологияға сүйенген заманауи финтех компанияға айналды. Бүгінде көптеген процестер автоматтандырылған, шешімдер деректерге негізделіп қабылданады.
Компания IT шешімдерге, цифрлық сервистерге және скоринг жүйелеріне тұрақты инвестиция салып келеді. Бұл клиенттер үшін қызметтің жылдам әрі қолжетімді болуын қамтамасыз етеді.
16 жыл ішінде TAS GROUP шағын және орта бизнесті қолдауда маңызды рөл атқаратын қаржы институтына айналды. Компания кәсіпкерлерді айналым қаражатымен қамтамасыз етіп, олардың тұрақты жұмыс істеуіне ықпал етті.
Бұл кезең — компания үшін жай ғана жетістік емес. Бұл — енді нарыққа бейімделу емес, сол нарықтың даму бағытына ықпал ете алатын деңгейге жеткенін білдіреді.
Наурызнама онкүндігі аясында TAS GROUP компаниясында ұлттық құндылықтарды дәріптеуге бағытталған тағылымды іс-шаралар ұйымдастырылуда. Соның бірі – Шаңырақ күні қарсаңында бас кеңседе өткен ұлттық ойындар сайысы.
Аталған іс-шараның басты мақсаты – қызметкерлер арасында ұлттық мұраны насихаттау, дәстүрлі ойындарға деген қызығушылықты арттыру және ұжымдық бірлікті нығайту. Сайыс барысында асық ату, ләңгі тебу және тоғызқұмалақ сынды ұлттық ойын түрлері бойынша тартысты бәсекелер өтті.
Әсіресе, тоғызқұмалақ ойынына деген қызығушылық ерекше жоғары болды. Іс-шараға арнайы тоғызқұмалақ федерациясының мамандары шақырылып, олар қатысушыларға шеберлік сағатын өткізіп, ойынның қыр-сырын жан-жақты түсіндірді. Теориялық білім тәжірибемен ұштасып, кейін шағын турнир ұйымдастырылды. Қатысушылардың белсенділігі соншалық, жаттықтырушылар алып келген 10 ойын тақтасы да жетпей қалды. Бұл – қызметкерлердің ұлттық ойындарға деген ықыласы мен қызығушылығының айқын көрінісі.
Ұлттық ойындар – халқымыздың мәдени мұрасының ажырамас бөлігі. Олар тек ойын-сауық қана емес, сонымен қатар ептілікке, ойлау қабілетіне, шыдамдылық пен шапшаңдыққа баулитын маңызды құрал. Осындай іс-шаралар арқылы ұлттық құндылықтар жаңғырып, ұрпақтан ұрпаққа жалғасады.
Компанияның Бас директоры Дулат Тастекей бұл бастаманың маңыздылығына тоқталып:
«Ұлттық ойындар – біздің тарихымыз бен болмысымыздың бір бөлігі. Оларды жаңғырту арқылы біз тек дәстүрді сақтап қана қоймай, ұжым ішіндегі ынтымақты нығайтамыз. Қызметкерлеріміздің белсенділігі – осы бағыттағы жұмыстың нәтижелі екенін көрсетеді», – деді.
Аталған іс-шара ұжым ішінде ерекше серпін беріп, әріптестер арасында достық қарым-қатынасты нығайта түсті. Ұлттық ойындарға деген қызығушылықтың артуы – рухани құндылықтарға деген құрметтің белгісі.
Алдағы уақытта да Наурызнама аясындағы осындай мазмұнды шаралар TAS GROUP компаниясында жалғасын тауып, ұлттық мұрамызды дәріптеуге өз үлесін қоса бермек.
2026 жылғы 10 наурыз. TAS GROUP компаниясы соңғы уақытта алаяқтық әрекеттердің жиілегенін хабарлайды. Алаяқтар компанияның атауын, фирмалық атауын пайдаланып немесе өздерін ұйым қызметкерлері ретінде таныстыратын жағдайлар көбейген. Осыған байланысты TAS GROUP азаматтарды мұндай хабарламаларға мұқият қарап, кез келген ақпаратты тек ресми дереккөздер арқылы тексеруге шақырады.
Компанияның мәліметінше, алаяқтар азаматтармен телефон қоңыраулары, танымал мессенджерлер (WhatsApp, Telegram), әлеуметтік желілер немесе электрондық пошта арқылы байланысуы мүмкін. Көп жағдайда олар қысқа мерзімде жоғары табыс уәде етіп, жалған инвестициялық мүмкіндіктер туралы хабарламалар таратады. Мұндай кезде алаяқтар жалған сайттар, қолдан жасалған құжаттар және әлеуметтік желілердегі фейк аккаунттарды пайдаланып, заңды қаржылық қызметтің көрінісін жасауға тырысады.
Ең кең таралған тәсілдердің бірі — «әлеуметтік инженерия» деп аталатын схема. Бұл жағдайда алаяқтар өздерін қаржы ұйымдарының, банктердің немесе мемлекеттік органдардың қызметкерлері ретінде таныстырып, азаматтарды ақша қаражатын «қауіпсіз шоттарға» аударуға, SMS арқылы келген растау кодтарын айтуға немесе телефонға арнайы қосымшалар орнатуға көндіреді. Мұндай бағдарламалар алаяқтарға пайдаланушының телефонына және қаржылық деректеріне қашықтан қол жеткізуге мүмкіндік беруі мүмкін.
Интернет арқылы таралатын жалған инвестициялық жобалар да ерекше қауіп төндіреді. Алаяқтар сайттар мен жарнамалар жасап, кепілдендірілген табыс, салынған қаражаттың жылдам өсуі немесе «жабық инвестициялық бағдарламаларға» қатысу мүмкіндігін ұсынады. Сенім тудыру үшін олар белгілі компаниялардың, банктердің немесе қаржы ұйымдарының атауларын заңсыз пайдалануы мүмкін.
TAS GROUP компаниясында барлық ресми ақпарат тек www.tasgroup.kz ресми сайтында және әлеуметтік желілердегі ресми парақшаларында @tasgroup.kz жарияланатыны атап өтілді. Осы ресурстарда кез келген ақпараттың шынайылығын тексеруге болатын байланыс деректері де көрсетілген.
«Біз интернеттегі жалған инвестициялық ұсыныстар аясында алаяқтардың компания атауын пайдалану әрекеттерін тұрақты түрде тіркеп отырмыз. Клиенттерімізді және қаржылық қызметті пайдаланатын барлық азаматтарды сақ болуға шақырамыз. TAS GROUP қызметкерлері ешқашан мессенджерлер арқылы немесе телефонмен құпия деректерді, SMS кодтарын немесе банк картасының мәліметтерін сұрамайды. Компания қызметіне қатысты кез келген ақпарат тек ресми байланыс арналары арқылы тексерілуі тиіс», — деп атап өтті TAS GROUP.
Компания күмәнді жағдай туындаған кезде TAS GROUP атынан жасалған кез келген әрекетке қатысты байланысуды дереу тоқтатып, түсіндіру алу үшін 7788 қысқа нөмірі арқылы колл-орталыққа хабарласуға кеңес береді.
Егер сіз алаяқтық құрбаны болсаңыз немесе заңсыз әрекеттерге күмәндансаңыз, барлық қаржылық операцияларды тоқтатып, хат алмасуды және басқа дәлелдерді сақтап, құқық қорғау органдарына 102 нөмірі арқылы жүгіну қажет.
TAS GROUP азаматтарды қаржылық қауіпсіздіктің негізгі ережелерін сақтауға шақырады: бейтаныс адамдарға ақша аудармау, растау кодтарын бермеу және үшінші тұлғалардың өтінішімен белгісіз қосымшаларды орнатпау. Ақпаратты тек ресми дереккөздер арқылы тексеру — алаяқтықтан қорғанудың ең тиімді тәсілдерінің бірі.







16 жыл — компания тарихы үшін аса ұзақ мерзім емес сияқты көрінуі мүмкін. Алайда дәл осы уақыт аралығында шағын бастаманың ауқымды құрылымға айналып, тұтас бір нарықтағы өз орнын айқындауы — жүйелі жұмыстың, стратегиялық ойлаудың және мықты команданың нәтижесі.
Биыл TAS GROUP 16 жылдық мерейтойын ұлттық нақыштағы ерекше форматта атап өтті. Таңдалған стиль кездейсоқ емес. Дәстүр мен заманауилықтың үйлесімі — компанияның ішкі мәдениетін, даму философиясын және болашаққа деген көзқарасын айқын көрсетеді. Ұлттық өрнек пен заманауи корпоративтік рух астасқан кеш — өткен жолға тағзым ғана емес, алдағы мақсаттарға берілген серт іспетті болды.
Қалыптасу кезеңі: үш адамнан — 600 маманға дейін
TAS GROUP тарихы бір бөлімше мен үш қызметкерден басталды. Бұл — идеяға сенген, тәуекелге барған және нарықта өз орнын табуға ұмтылған шағын команданың батыл қадамы еді. Бүгінде компания 600-ге жуық кәсіби маманды біріктірген ірі құрылымға айналды.
Осы жылдар ішінде қаржы нарығындағы тұрақсыз кезеңдер де, экономикалық сынақтар да болды. Бірақ әрбір қиындық жаңа тәжірибе беріп, әр кезең компанияны күшейте түсті. Төзім, жүйелілік және ортақ мақсатқа адалдық — өсу формуласының негізгі құрамдас бөліктеріне айналды.
Нарықтағы бедел және сенім капиталы
16 жыл ішінде TAS GROUP еліміздің қаржы секторында өзіндік орны бар, беделі қалыптасқан компания ретінде танылды. Бұл тек көрсеткіштер мен жобалардың көлемімен өлшенбейді. Ең бастысы — сенім.
Серіктестермен ұзақ мерзімді әріптестік, клиенттердің тұрақты таңдауы және команда ішіндегі өзара құрмет — компанияның басты капиталы. Әрбір жетістік нақты адамдардың еңбегімен, кәсіби шеберлігімен және жауапкершілігімен байланысты.
Корпоративтік мәдениет: құндылықтар мен бірлік
Мерейтойлық кеш тек мереке ғана емес, компания мәдениетінің айнасы болды. Ұлттық стильдегі киім үлгілері, дәстүрлі элементтер мен заманауи атмосфера — TAS GROUP-тың тамыры тереңде екенін және сонымен қатар уақытпен бірге дамып келе жатқанын көрсетті.
Компания үшін команда — жай ғана қызметкерлер жиынтығы емес. Бұл — ортақ идеяға сенетін, бір бағытта қозғалғанда үлкен нәтижеге жететін кәсіби қауымдастық. Бірлік, өзара қолдау және даму — корпоративтік мәдениеттің негізгі тіректері.
Алға қойған мақсаттар
16 жыл — қорытынды жасайтын меже емес, жаңа кезеңнің бастауы. Нарық өзгеруде, талаптар күшеюде, технология дамуда. Осы өзгерістер жағдайында тұрақтылықты сақтай отырып, өсу қарқынын жалғастыру — TAS GROUP-тың стратегиялық бағыты.
Компания алдағы уақытта да ауқымды жобаларды іске асырып, кәсіби команданы нығайтып, нарықтағы позициясын күшейтуді көздейді. Өткен жол — тәжірибе, бүгінгі күн — мүмкіндік, ал болашақ — жаңа биіктер.
TAS GROUP үшін он алты жыл — сеніммен бекіген тарих және бірге жазылатын жаңа тараулардың бастауы.
TAS GROUP компаниясының қызметкерлері Алматы қаласында өткен Winter Run қысқы жүгіру жарысына қатысып, кезекті спорттық белесті бағындырды.
Команда сапында Дидар Исхаков, Алпамыс Сахыпов және Шыназ Әліш болды. Олар бұған дейін де бірнеше ірі марафон мен жартылай марафондарға қатысып, компанияның спорттық дәстүрін қалыптастырып келеді.
Биылғы жүгіру маусымының алғашқы жарысына 2 500 адам жиналды. Олардың қатарында 22 елден келген 116 марафоншы бар. Жоба географиясы Орталық Азия елдерін — Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан және Тәжікстанды қамтыды. Сонымен қатар Ұлыбритания, Германия, Франция, Италия, Испания, Польша, Швейцария, Швеция, Норвегия, Украина, Беларусь және Ресей азаматтары да қатысты. АҚШ, Канада, Қытай, Моңғолия, Филиппин және Жаңа Зеландиядан келген қатысушылар жарыстың халықаралық деңгейін айқындай түсті.
Қатысушылардың ең кішісі — 10 жаста, ең үлкені — 75 жаста. Ерекше сәттердің бірі — ең жас спортшы туған күнін дәл жарыс жолында атап өтті.
Алдағы ірі жарыстар да назардан тыс қалмайды. 19 сәуірде өтетін Almaty Half Marathon додасына 10 мыңға жуық адам қатысады деп жоспарланып отыр. Ал 27 қыркүйекте 15 жылдық мерейтойына арналған Almaty Marathon ұйымдастырылады. Бағдарламада 10 шақырым, 10 шақырымдық скандинавиялық серуен, 21,1 және 42,2 шақырым қашықтықтар, сондай-ақ «Экиден» командалық эстафетасы бар.
TAS GROUP ұжымы спорт арқылы салауатты өмір салтын насихаттап, корпоративтік рухты нығайтуды жалғастыра береді.
Бүгінде TAS GROUP жалақыны жыл сайын үздіксіз өсіріп отырған еліміздегі жалғыз компания десек болады.
TAS GROUP қаржы компаниялары тобында жалақының өсуі дағдарысқа берілген жауап емес, бір реттік бастама да емес. Бұл — басшылық 7 жыл қатарынан ұстанып келе жатқан жүйелі шешім.
2019 жылдан бастап компаниядағы барлық қызметкердің жалақысы жыл сайын тоқтаусыз өсіп келеді. Бұл өсім елдегі инфляция деңгейіне тікелей байланысты, яғни қызметкерлер табысының нақты құнын сақтауға бағытталған.
2026 жылдың қаңтарынан бастап TAS GROUP-тың әрбір қызметкерінің жалақысы 12,3%-ға артады — бұл өткен жылдың қорытындысы бойынша тіркелген жылдық инфляция деңгейіне тең.
Қазақстанда жалақыны жыл сайын, үздіксіз және бүкіл команда үшін бірдей арттырып отырған басқа компанияларды біз білмейміз.
TAS GROUP үшін бұл қағида мәселесі. Тұрақты бизнес адамға деген құрметтен басталады.
TAS GROUP компаниясында өсім нақты цифрмен дәлелденеді!
TAS GROUP компаниялар тобы ауқымды спорттық бастаманы қолға алып, 2026 жылы әлемнің алты құрлығында өтетін марафондарға қатысуды жоспарлап отыр. «TAS GROUP — алты құрлықта» атты жоба аясында компания қызметкерлері жаһанның түкпір-түкпіріндегі халықаралық жарыстарда бақ сынайды.
Жобаның алғашқы қадамы Азия құрлығы жасалды. Қаңтардың соңында TAS GROUP-тың екі қызметкері — Дидар Ысқақов пен Рауан Оқас — Дубай марафонына қатысып, белгіленген қашықтықты сәтті бағындырды.
Айта кету керек, соңғы жылдары TAS GROUP-та жүгіруді өмір салтына айналдырған қызметкерлердің қатары артып келеді. Бұған дейін олар Алматы, Астана, Ақтау, Түркістан, Ташкент, Самарқанд және Вашингтон қалаларында өткен марафондарға қатысқан болатын.
Дубай марафонында 10 шақырым қашықтықта жеке рекордын жаңартқан Дидар Ысқақов компания басшылығына ерекше алғыс білдірді.
«Бүгінгі марафонда нәтижемді жақсарту үшін барымды салдым және мақсатыма жеттім. Компания басшылығының қызметкерлерін қолдап, әлемдік деңгейдегі марафондарға қатысуға мүмкіндік беруін біз үлкен қамқорлық деп білеміз», — деді Д. Ысқақов.
Жоспарға сәйкес, алдағы уақытта TAS GROUP қызметкерлері Еуропа, Солтүстік және Оңтүстік Америка, Африка және Австралия құрлықтарында өтетін марафондарға қатыспақ.
TAS GROUP — қарқынды дамып келе жатқан қаржы компаниялар тобы. Бүгінде компания Қазақстанмен қатар Ресей және Өзбекстан нарықтарында да табысты жұмыс істеп келеді. TAS GROUP компаниясы болашақта әлемдік қаржы нарығында бәсекеге қабілетті болып, қызмет аясын одан әрі барлық құрлықта кеңейтуді көздейді.